ӨМІРБАЯН
Мен Әбдібек Аралбайұлы, 1944 жылы 16 тамызда, қазіргі Түркістан облысы, Түлкібас ауданындағы Пістелі ауылында дүниеге келгенмін.
Әкем Қуандықұлы Аралбай, анам Егембердіқызы Айткүл.
Анам 7 құрсақ көтерген екен соның бесеуі шетінеп кетіп біз ағам Күлдәрбек екеуміз ғана қалыппыз. Ол кісі менен 11 жас үлкен, яғни 1933 жылы еді, Пістелі ауылындағы бастауыш (4 жылдық) мектепті бітіріп 7 шақырым жердегі қазіргі Абай ауылындағы Ы.Алтынсарин атындағы жеті жылдық мектепте оқыдым.
Бар білімім осы. Басқа жаққа барып оқуға әкем-анам өте кәрі кісілер болған соң қарайлап кете алмадым. Жалғыз ағам орталықта есепші болып істеді де өз отбасымен сонда тұрып жатты. Денсаулығымнан кінәрат табылып әскер қатарына жарамай қалдым. 1964 жылы үйлендім. Әлментайқызы Алтынкүл атты аруға. 6 қыз, 2 ұл өсіріп тәрбиеледік. 1997 жылы Жабағылы ауылына көшіп кеттік.
2006 жылы аудан орталығынан үй алдық. 2007 жылдан зейнеткермін.
Қазіргі мамандығым ұсталық. Колхозда ағаш,темір ұстасы боп талай жыл еңбек еттім. Жас кезімнен ән-жырға құмар боп өстім. Біраз жыл клуб меңгерушісі болып аудан мен облыстық бірнеше дүркін дипломаты болғанмын. Репертуарымда 70-ке жуық ән болатын. Асаба да болып жүрдім. Әндерімді өзім баянмен сүйемелдейтінмін. Кластас досым – Мархабат Байғұт 50 жасқа толып Пістеліде ұлан-асыр той болғанда ең алғашқы арнау екі өлеңімді оқыдым. Шерхан Мұртаза, Қалдарбек Найманбаевқа да көптеген ақын-жазушылар жылы қабылдады. Сол кезден бастап жазғандарымды жинап бастадым. Міне, 25 жыл жиналған жырларым әзірше 3 кітап болып басылып шықты. Шамамен 900-дей өлең. Әлі де жазылып жатыр. 2012 жылы жұбайым бақилық болды. Жеті ай өткенде қолдағы ұлым-Данияр жол апатынан опат болды. Қазір жасым 77 де. Алдағы өмірді Алла біледі. Өмірбаяным осы келтелеп айтқанда.
Әбдібек Аралбайұлы.
Шілде. 2020 жыл.
І ЗДЕ МЕНІ Ізде мені, қансонар, аппақ қардан, Бабалар салған сүрлеу-соқпақтардан. Ізде мені, таулардан, керуендей, Шөгіп-шөгіп, тізіліп тоқтап қалған. Ізде мені, шың мен құз-қиялардан, Сонда қалған балауса ұяң арман. Ізде мені, өлеңнің өлкесінен, Жауқазын жыр, кеппеген сиялардан. Ізде мені, достардың төрлерінен, Солармен бірге өмір өрлерінен. Ізде мені, қасынан жас талаптың, Көрмегені көбірек көргенінен. Ізде мені, алдынан ғұламаның, Бірақ «неге жүрсің» деп сұрамағын. Ізде мені, інілер ортасынан, Соңынан ұлағатты бір ағаның. Ізде мені, табиғат келбетінен, Көктем-ару жайғанда жерге кілем. Ізде мені, іздеңдер, ей достарым, Кетіп қалмай тұрғанда жер бетінен. Ізде мені, іздеңдер жаптай-тұрмай, Дәурен мәңгі тұрмайды баста бұлай. Іздеп, тауып қауышу – бір ғанибет, Ешкім іздемегеннен сақта Құдай!.. ТОЙ ЖЫРЫ (әзіл-шыны аралас) Шексіз той қазақ үшін қиын болды, Апта сайын той-думан, жиын болды. Бар тапқанын тойларға үлестіріп, Жүйке тозып, мінездер «құйын» болды. Кей қазаққа бұл тойың қайғы болды, Қарыз сұрап әркімге жайды қолды. Той жасаған өткені түгел қайтып, Бір-ақ күнде ақшалы, тайлы болды. Көп тойлар елді әбден сабылдырды, Қарызға белшесінен малындырды. Жас болса да баласын сүндеттетіп, Дереу бір қарымта той қамын қылды. Амал жоқ, шайқап басты көне кеттім, Дәл қазіргі үрдісті өлең еттім. Бәсеке, тыраштанған қайран қазақ, Есіл тойдың қадірін төмендеттің. Бұл үрдіс етек алды қазір жаппай, Байларға жүрер, мүмкін, сөзім жақпай. Зейнетақы үш тойға әзер жетті, Дәрі алуға отырмын ақша таппай... НҰРЛЫ ДҮНИЕ Нұрлы дүние – асқар таулар, ен далам, Сендерменен қызық, мәнді кең ғалам! Көңіліме өлең болып құйылып, Түлкібасым, шалқар шабыт бер маған. Ғажапсыңдар, сұлусыңдар, таң қалам, Тілім жырлап, жазудан қол талмаған. Ұмытылып еңсе басқан тауқымет, Тауға қарап, көңіл көкке самғаған! Қаратаудың жөні бөлек мен үшін, Қасиеттім, жастайымнан өрісім. Бәрі орнында, сөкет тұрған бірі жоқ, Қараңдаршы, қандай ғажап келісім! Байтақ далам, ол санамның шырағы, Адамзаттың жалғандағы тұрағы. Көрген сайын көтеріліп көңіл-күй, Көкейіме жыр құйылып тұрады. Нұрлы дүние сұлулығын себелеген, Адамдарға қалай айтам сөзбенен. Көру үшін нұрлы дүние ғажабын, Қарау керек жүректегі көзбенен! БАҚЫТ «Бақыттымын дер едім, қайда – дедің сол бақыт?» Тереңірек ойлашы, миға күш сап бір уақыт. Барлығы да баянсыз сен бақыт деп білгендер, Бақыт іздеп жүрген көп уақытын ұрлатып. Бақытсызбын деп бекер сен өзіңді жерлейсің, Бақыттылар айналаң, бірақ соны көрмейсің. Денеңдегі он екі мүшең тегіс аман-сау, Нағыз бақыт, міне, сол, оған көңіл бөлмейсің. Өтіп жатыр уақыт сипатпастан сауырын, Бақыт іздеп бейнеттің таттың қанша ауырын. Тірі жүрген әр күнің бақыт емей немене, Нағыз бақыт – шүкіршілік, қанағатта бауырым! ТАУ – МЕНІҢ ШИПАГЕРІМ Жасымнан еліктіріп мені тауға, Құмар қылған Құдайға мың бір тәуба. Қоя алмайтын шығармын тіршілікте, Аңсағаным тау болар денім сауда. Кезігер тіршілікте адамзатқа, Мұрттай ұшып ауырып қалған шақта. Қия алмастан тауымды аласұрдым, Жүйрік көңіл жетелеп әрбір саққа. Мен үшін таудағы өмір – жөні басқа! Сағынсам жанар толып кетер жасқа. Көтеріліп көңіл-күй жүре берер, Сауығып ілінгенде табан тасқа. Тау болған соң көргенім көзімді ашып, Таумен кеткем етене араласып. Тау – менің теңдесі жоқ шипагерім! Жете алмай қалмасам «қара басып».